Жақсылықты жаюмен өткен өмір
Жақсылықты жаюмен өткен өмір

Кей ақпарат көздерінде «сүлейменшілер» деген атаумен белгілі топ, Сүлеймен Хилми Тұнахан деген кісінің атымен байланысты болған соң ел аузында осылай айтылып, қазіргі уақытта кей адамдар бұл атауды осы жамағаттың өкілдеріне қарата қолданып жүр. Дегенмен бұл атаумен аталатын ешбір діни мәзһаб, сопылық бағыт, я болмаса сопылықтың жеке бір тармағы да жоқ.

Өзгелердің осы жамағатқа таңған бұл атауын, Сүлеймен Хилми Тұнаханның шәкірттері де мақұлдамайды. Олар өздерін «сүлейменшілер» деп атаудан көрі «Сүлеймен Хилми Тұнаханның шәкірттері» деп атау дұрыс деп есептейді.

Сүлеймен Хилми Тұнаханның шәкірттері Әһли сүннет уәл-жамағат сеніміне сай, ханафи мәзһабында және Нақшыбандия тариқатының мужаддидия тармағы өкілдері екендігін ескертіп өткен жөн.

Сүлеймен Хилми Тұнахан ханафи-матуриди мәзһабы мен Нақшыбандия тариқатының мужаддидия тармағын ұстанды. Ол Әһли сүннет уәл-жамағат ақидасын бәрінен жоғары қойды. Халыққа үнемі Әһли сүннет уәл-жамағат мәзһабы негіздерін уағыздап, оны ардақтау керектігін насихаттайтын. Сүлеймен Хилми Тұнахан Ислам ғылымдары бойынша дәріс берген сол кездегі «Дар ул-хилафи» (Ыстамбұл) медреселерін бітірді. Ол сол уақыттағы Осман мемлекетінің астанасы Ыстамбұл қаласындағы атақты медреселерде діни білімін ханафи мәзһабы бойынша тәмамдады. Мұнымен қатар, шәкірт кезінде Нақшыбандия тариқаты мужаддидия тармағының шейхы Салахуддин ибн Мәулана Сиражуддиннен (қ.с.) Нақшыбандия тариқат негіздерін толық меңеріп, «ижазат» алды. Орта Азияның сол кездегі атақты медреселерінде білім алған, Мәдина мүнаууарада өмір сүрген Нақшыбандия тариқатының шейхы Мұхаммед Мазхардан ижазат алған Салахуддин ибн Мәулана Сиражуддин Сүлеймен Хилми Тұнаханның діни дүниетанымына зор ықпал етті.

Осылайша Сүлеймен Хилми Тұнахан кейінгі өмірінде діни білімдерді шәкірттеріне оқыту барысында медреседе алған білімдермен қоса, Нақшыбандия тариқаты принциптерін де үйретті. Мәзһабты мойындамайтын уахаби сияқты ағымдарға қарсы болды. Шәкірттеріне үнемі байсалдылықты, діни мәселелерде шектен шықпауды және қатты тереңдеп кетпеуді насихаттады.

Сүлеймен Хилми Тұнахан алғашында шәкірттеріне Құран кәрім мен ғылымхал сабақтарын оқытты. Кейіннен:

Араб тілі грамматикасы бойынша: «Әмсиле», «Бина», «Мақсұд» (морфология), «Ауамил», «Изхар», «Кафия», «Молла Жами» (синтаксис);

Ақида ғылымы бойынша: «Мәтін Ақаид» (авторы: Омар Нәсәфи), «Амали қасидасы», «Шарх ул-ақаид» (авторы: Имам Тафтазани);

Ханафи фиқһы бойынша: «Нур ул-изах», «Қудури», «Дурәр ул-хуккам» кітаптарынан дәріс берді. Сонымен қоса, тәпсір, хадис, логика, әдебиет сияқты маңызды ислами пәндерден де сабақ берді.

Сүлеймен Хилми Тұнахан шәкірттеріне Құран кәрім мен діни білім беруде сол кездегі медреселердегі оқыту методикасынан өзгеше тәсіл қолданды. Сабақты тек оқып, жаттау емес, оқушыларға мәселенің түбіне бойлауды үйретті. Бұл тәсіл оқушыларға аса пайдалы болумен қатар, қысқа уақытта жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік берді.

Сүлеймен Хилми Тұнахан діни білімдерді үйретуде кітаптарды саралай отырып, ғасырлар бойы медреселерде оқылған негізгі әдебиеттерді таңдады. Аударма кітаптарды пайдаланбады. Осылайша, Ислам ғылымын бұлағынан үйренудің әдістемесін жасап шықты. Ол жаңа кітап жазудан гөрі ғасырлар бойы қолданылып келген ғұламалардың еңбектерін пайдалануды жөн көрді. Бұл тәсіл жаңа ұрпақ пен өткен тарих арасында байланыс орнату қызметін атқарды. Осы тәсіл арқылы ықыласты шәкірттеріне кезінде медреселерде 15-20 жылда оқытылатын білімдерді 3-4 жылда меңгертті. Оның сабақ үйретудегі ең маңызды тұсы, діни білімдерді оқыту қызметін өз қалауымен, махаббатпен орындауы еді.

Сүлеймен Хилми Тұнаханның діни білім беру тәсіліндегі ерекшіліктер:

  1.  Қысқа уақытта Құран кәрім оқуды үйрету.
  2. Діни білім беруде қолданылатын әдебиеттерді саралап, негізгі әрі маңызды мәселелерді оқытып, кітаптарда кездесетін қарама-қайшы, қосымша мәселелерге тоқталмау.
  3. Орта Азияда және Түркия медреселерінде оқытылып келген классикалық діни оқулықтарды таңдап алу. (Оқытқан пәндері мен кітаптарының тізімі жоғарыда өтті).
  4. Өзі қолданған жаңа оқыту методикасы арқылы қысқа уақытта жан-жақты жетілген діни маман дайындау.
  5. Қандай жағдай болмасын келешек ұрпаққа діни және ұлттық құндылықтарды тек Алла ризалығы үшін үйретіп, шәкірттеріне де осы қызметті жалғастыруларын өсиет ету.

Сүлеймен Хилми Тұнахан тек діни білім беруді мақсат етіп қана қоймай, тасаууфтағы «кемел адамды» (идеал адам) тәрбиелеуді мақсат тұтты.

Сүлеймен Хилми Тұнахан өз кезегінде діни-қоғамдық мәселелерге де мән беріп, шешім шараларын айтып кеткен. Мешіттерде, жұма уағыздарында ғасырлар бойы ата-бабалары Әһли сүннет уәл-жамағат мәзһабында болғандығын және Әһли сүннет сенімдерін таза күйінде сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуді өзінің және шәкірттерінің қасиетті борышы екендігін қайта-қайта ескертіп отыратын. Қысқа уақытта оқытып дайындаған шәкірттерін Түркияның түрлі қалаларына діни қызметке жіберер кезде, оларға халыққа Әһли сүннет сенім негіздерін үйрету керектігін және түрлі діни ағым мен секталарға қарсы болуларын ұғындырды.

Қорыта келе айтарым, «халық айтса қалып (бекер) айтпайды» демекші, оқырманымыз кейбір жымысқы ойлы адамдардың қате пікірлеріне еріп, «сүлейменші» деп, ат қойып, айдар тақпай, керісінше шәкірттерінің атқарып жатқан қызметтерін бағалап, бағамдап, жасалып жатқан қаншама игі іске қолдау білдірсе екен деймін.

 

 

 

Серік МолдабекСерік Молдабек
11 месяцев назад 8254
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир